№57 «Ақбота» бөбекжайы ЖБҚ МКҚК Ақтау қаласында орналасқан. 2008 жылдың 1 ақпан айында өз жұмысын бастады. №57 «Ақбота» бөбекжайы балаларға сапалы білім мен саналы тәрбие беруді мақсат етіп, ата-аналардың сеніміне ие болып келе жатқан мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының бірі болып табылады.
Қазіргі таңда бөбежай сыйымдылығы бойынша, 295 бүлдіршіндерді бөбекжай орнымен қамтамасыз етіп отыр. Бөбекжайда балалардың жас ерекшелігіне қарай мемлекеттік тілде 12 топ жұмыс жасайды. Кіші топ-1, ортаңғы топ – 3, ересек топ – 4, мектепалды топтар – 4. Топтар балалардың жас ерекшеліктеріне сай жабдықталып, әр топта желілі рольді ойындар бұрыштары, табиғат бұрышы және спорт құралдары бұрыштары, қимыл-қозғалыс ойындар құралдары, оқу -тәрбие процесіне пайдаланатын көрнекіліктер мен үлестірмелі материалдар, әдістемелік оқулықтар жас ерекшеліктеріне қарай топтастырылып, бағдарламаға сәйкес, қазақ тілі, ойна-дамы, түзету бөлмесі, сурет салу, ұлттық ойындар бөлмесі, консультативтік пункт және де тұзды шахта бөлмелері қарастырылған. Балалардың дұрыс тамақтануы үшін асхана және денсаулығын сараптап, дәрігерлік көмек көрсететін дәрігерлік кабинет жұмыс жасайды. Бөбекжайдың балаларға ас әзірлеу мен тамақтандыруға қажетті материалдық-техникалық базасы санитарлық бақылаудың мемлекеттік стандартына сай, заманауи қондырғылармен толық жабдықталған. Тәрбие мен оқыту жұмыстары мемлекеттік стандартқа сәйкес қазақ тілінде жүргізіліп, балалардың ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өсуіне ерекше көңіл бөлінеді.
«Ақбота» бөбекжайының басты миссиясы – әр баланың жеке қабілетін ашып, жан-жақты дамуына қолайлы орта қалыптастыру. Осы бағытта бөбекжай тәрбиеленушілердің танымдық, шығармашылық, коммуникативтік және әлеуметтік дағдыларын дамытуға арналған түрлі іс-шаралар, мерекелік бағдарламалар, байқаулар мен танымдық сабақтар тұрақты түрде ұйымдастырылады.
Бөбекжайда 38 жоғары білімді және 10 арнаулы орта білімді педагогтар жұмыс жасайды. Қазіргі таңда, екінші санатты басшы-1, педагог сарапшы-7, педагог-модератор-24, ІІ санатты педагог-2, педагог санатында -13 педагогтер еңбек етеді.
Бөбекжайда «Жаңа инновациялық технологияларды қолдану арқылы оқыту мен тәрбиелеуде инновациялық ойын технологиясының элементтерін пайдалана отырып, М.Монтессори технологиясының әдістерін, асық технологиясын, 4К әдісі және мнемотехника және «Денсаулықты қорғау технологиясымен» ұйқыдан кейінгі шынықтыру шаралары бойынша, майтабандықты болдырмау мақсатында: массажды кілемшелер, жалаң аяқпен жүру үшін кілемшеден жасалған соқпақ жолдар сияқты дене шынықтыру құралдары қарастырылып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, бөбекжайымызда «Мектепке дейінгі жастағы балаларды ерте жастан ұлттық құндылықтар негізінде еңбекке баулу: сүйек және матаға сурет салу өнері» атты жоба жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Жоба аясында тәрбиеленушілерді ұлттық қолөнердің қыр-сырымен таныстыру, ата-бабадан мұра болып қалған дәстүрлі өнерді дәріптеу, еңбекке баулу және шығармашылық қабілеттерін дамыту бағытында түрлі танымдық, тәжірибелік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Әрбір өткізілген іс-шара – балалардың ұлттық мұраға деген қызығушылығын арттырып, еңбекқорлыққа, ізденімпаздыққа және әсемдікті бағалауға тәрбиелейтін маңызды қадам.
Заман талабына лайық тәрбие мен білім беру жұмысын кешенді ұйымдастыру жаңа технологияларды, идеялар мен шығармашылық, инновациялық жаңашылдықты қажет етеді.Құрылған күннен бастап бөбекжай ұжымы балаларға мейірім мен қамқорлық танытып, олардың қауіпсіз әрі жайлы ортада тәрбиеленуіне жағдай жасап келеді. Білікті педагогтар мен мамандардың еңбегінің нәтижесінде көптеген тәрбиеленушілер мектеп табалдырығын сенімді аттап, білім жолындағы алғашқы жетістіктеріне қол жеткізді.
Бүгінгі таңда «Ақбота» бөбекжайы бүлдіршіндерге тәлім-тәрбие беріп, көптеген түлектерін үлкен өмірге қанаттандырды. Бөбекжай түлектері мектепте жақсы нәтижелер көрсетіп, ұстаздары мен ата-аналарының мақтанышына айналуда.
Ұжымның кәсіби еңбегі мен жауапкершілігінің арқасында бөбекжайымыз ата-аналардың алғысына бөленіп, өңірдегі беделді мектепке дейінгі ұйымдардың біріне айналды. Алдағы уақытта да «Ақбота» бөбекжайы сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі игі дәстүрін жалғастырып, ел болашағы – жас ұрпақты тәрбиелеу жолында аянбай еңбек ете береді.




